Іс-шараның мақсаты – оқушыларды түрлі мамандықтармен таныстыру, олардың қызығушылықтарын анықтау, ой-өрісін кеңейту және болашақ мамандық таңдауға бағыт беру. Оқушыларға әртүрлі мамандықтар таныстырылып, іс-шара ойын түрінде ұйымдастырылды. Іс-шараны Кәсіптік бағдар жетекшісі: Бекдаулетова Жанаргүл Жалғасқызы жүргізді.
Ойын үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезең – «Менің көзіммен бұл…». Оқушыларға сызықтар беріліп, олар өз қиялымен сол сызықты толыққанды суретке айналдырды. Бұл тапсырма балалардың шығармашылығын дамытып, мамандықтарды өз көзқарасымен бейнелеуге мүмкіндік берді. Екінші кезең – «Кім болам?». Оқушылар ата-аналарының мамандықтары туралы айтып, өздерінің болашақта қандай маман иесі болғысы келетінін әңгімелеп берді. Олар өз армандарымен бөлісіп, мамандық таңдаудағы қызығушылықтарын білдірді. Үшінші кезеңде мамандықтарды олардың құралдарымен сәйкестендіру тапсырмасы орындалды: дәрігер — фонендоскоп, құрылысшы — балға, суретші — қылқалам.
Іс-шара нәтижесінде оқушылар мамандық түрлерін танып, өз қызығушылықтарын еркін айта алды және қоғамдағы әр мамандықтың маңызын түсінді. Кәсіби бағдарлау ойыны мазмұнды әрі қызықты деңгейде өтті.






