![]()
«№1 ЖББМ» КММ жанынан 100 баланы қамтитын, екі ауысыммен жұмыс жасайтын «Аққу» жазғы сауықтыру ақшатырының алғашқы маусымы салтанатты түрде ашылды.
Салтанатты шараға мектеп директоры Гүлмира Сабитқызы, Қарақия ауданы білім бөлімінің маманы Алтыншаш Ізбасарқызы және «Қарақия» газетінің бас редакторы Шынар Кендін арнайы қатысып, балаларды жазғы лагерьдің ашылуымен құттықтап, көтеріңкі көңіл-күй мен ізгі тілектерін жеткізді.
Шара барысында лагерь тәрбиеленушілері салтанатты түрде ант қабылдап, әр топ өздерінің ұрандарын жігерлі түрде орындады. Сондай-ақ, «Аққу» ақшатырының туы көкке көтеріліп, лагерь маусымының ресми түрде басталғанын айшықтады.
Мерекелік кеш оқушылардың әсем әндері мен мың бұралған билерінен құралған концерттік бағдарламамен жалғасып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.





